БАСҚАЛАРЫ

ҚР ҰОК пен QazAI спорт саласына жасанды интеллектіні енгізу бағыттарын талқылады

Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитеті QazAI қауымдастығымен спорт саласына жасанды интеллектіні енгізу мәселелеріне арналған жұмыс кездесуін өткізді.

Кездесуге ҚР ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев, ҚР ҰОК бас директоры Нұрлан Нөгербек, QazAI қауымдастығының төрағасы Темірлан Зиятов және төраға орынбасары Анар Төлеубаева қатысты.

Жиында спорт саласында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектке негізделген шешімдерді енгізу жолдары кеңінен қарастырылды. Бұл бағыт мемлекет деңгейінде айқындалған басымдықтармен үндеседі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің тапсырмасына сәйкес, 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланған.

Ынтымақтастықтың алғашқы нақты қадамдарының бірі ретінде QazAI сарапшылары Халықаралық Олимпиадалық комитеттің Olympic Solidarity бағдарламасы аясында спорт менеджерлеріне арналған білім беру жобаларына қатысады. Атап айтқанда, 22–23 қаңтар күндері Назарбаев Университеті Медицина мектебінде спорттағы жасанды интеллект және цифрлық трансформация тақырыбында дәрістер өткізу жоспарланған.

Сонымен қатар тараптар ҚР ҰОК қызметін ХОК-тың жасанды интеллект саласындағы жаһандық күн тәртібімен үйлестіруге назар аударды. Бұл бағытқа спорттық деректерді талдау, басқарушылық шешімдерді қолдау, цифрлық сервистерді дамыту, спортшылардың ақпараттық қауіпсіздігі, сондай-ақ Olympic AI Agenda мен Trustworthy AI Framework аясында технологияларды жауапты әрі этикалық қолдану қағидаттары кіреді.

Кездесу барысында спорт ұйымдарының қызметін цифрландыруға арналған ішкі ІІ-экожүйе тұжырымдамасы таныстырылды. Интеллектуалды медиа-мұрағат, мерзімдерді автоматты бақылау жүйелері, спортшылардың көрсеткіштерін нақты уақыт режимінде талдауға мүмкіндік беретін бағдарламалар мен «бірыңғай цифрлық профиль» құру мәселелері негізгі басымдық ретінде аталды.

Әлімжан Ақаевтың айтуынша, бүгінгі таңда ХОК жасанды интеллектіні басқару тиімділігін арттыру мен спортшыларды қолдаудың маңызды құралы ретінде қарастырып отыр. Осы тұрғыда бастамаларды халықаралық тәсілдермен үйлестіре отырып, спорт ұйымдары мен спортшылардың мүддесіне қызмет ететін заманауи цифрлық жүйе қалыптастыру аса маңызды.

Кездесу қорытындысында тараптар цифрлық бастамаларды бірлесе дамытуға уағдаласып, алдағы кезеңге арналған ортақ жобалардың бағыттарын айқындады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button