
Ақтөбе қаласы тарихында алғаш рет УЕФА Әйелдер Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі шағын турнирді қабылдады. Қазақстан чемпионы «Ақтөбе» өз алаңында Исландияның «Брейдаблик», Швейцарияның «Серветт» және Беларусьтің «Динамо»-БГУФК клубтарымен бірге үшінші іріктеу тобының матчтарына қатысты.
Барлық кездесулер Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионда өтіп, жергілікті жанкүйерлер алғаш рет қазақстандық әйелдер командасының еурокубок ойындарын өз көздерімен тамашалау мүмкіндігіне ие болды.
«Брейдабликті» пенальти сериясында жеңді
Жартылай финалда «Ақтөбе» Исландияның «Брейдаблик» клубымен кездесті. Қазақстандық команданы 12-минутта Екатерина Бабшук алға шығарғанымен, араға төрт минут салып Кейтлин Дуонг таразы басын теңестірді.
Негізгі және қосымша уақыт 1:1 есебімен аяқталып, жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Бұл сында «Ақтөбе» қақпашысы Зухра Толибекова екі соққыны қайтарып, командасының 2:0 есебімен жеңіске жетуіне және финалға шығуына үлкен үлес қосты.
Айта кетерлігі, 2013 жылы осы клубтардың ерлер командалары Еуропа лигасының іріктеуінде кездескен болатын. Арада 13 жыл өткен соң клубтар бұл жолы әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасында қайта жолықты.
Финалда «Серветтке» жол берді
Шешуші кездесуде «Ақтөбе» Швейцарияның «Серветт» клубымен кездесті. Швейцариялық команда 4:0 есебімен жеңіске жетіп, келесі іріктеу кезеңіне жолдама алды.
Қазақстан чемпионы турнирді екінші орынмен аяқтағанымен, еурокубок маусымын жалғастырады. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша «Ақтөбе» УЕФА Әйелдер Еуропа кубогының келесі іріктеу кезеңінде өнер көрсету құқығына ие болды.
Үшінші орын үшін өткен кездесуде Исландияның «Брейдаблик» клубы Беларусьтің «Динамо»-БГУФК командасын 3:2 есебімен жеңді.
Ақтөбе үшін тарихи турнир
Бұл жарыс өңірдегі әйелдер футболының дамуы үшін маңызды кезең болды. Ақтөбе алғаш рет УЕФА деңгейіндегі әйелдер клубтық турнирінің матчтарын қабылдап, халықаралық жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырды.
«Ақтөбе» өз тарихындағы алғашқы еурокубоктық турнирді бір жеңіс, финалға жолдама және халықаралық аренада құнды тәжірибе жинақтаумен аяқтады. Ал команда үшін еуропалық маусым енді УЕФА Әйелдер Еуропа кубогында жалғасады.



