ҚЫСҚЫ СПОРТТРЕНДТЕ

Қазақстан 2026 жылғы Қысқы Олимпиадаға қанша лицензиямен барады?

2026 жылғы XXV қысқы Олимпиада ойындарының басталуына аз уақыт қалды. Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін дүбірлі додаға Қазақстан құрамасының дайындығы мен лицензиялық жағдайы белгілі болды.

ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының қоғаммен байланыс бөлімінің өкілі Тұрлыжан Әйтеновтің айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында 23 олимпиадалық лицензия бар.

– Қазір ұлттық құраманың еншісінде 23 лицензия бар. Оның 2-еуі мәнерлеп сырғанаудан, 9-ы шорт-тректен, 12-сі конькимен жүгіруден. Қалған спорт түрлері бойынша іріктеу әлі жалғасып жатыр, – деді ол Jibek Joly телеарнасының «Bugin LIVE» бағдарламасында.

Оның мәліметінше, лицензиялық турнирлердің басым бөлігі қаңтар айының соңына дейін аяқталады. Осы кезеңнің нәтижесінде Қазақстан құрамасы жалпы есепте 90-ға жуық лицензияға ие болуы мүмкін. Дегенмен Олимпиадаға баратын спортшылар саны лицензия санынан аз болады.

– Бір спортшы бірнеше қашықтықта немесе бірнеше дисциплинада өнер көрсете алады. Мысалы, шорт-тректе 4 спортшы барып, 9 лицензияны пайдаланады. Сондықтан шамамен 30–35 спортшы Олимпиадаға аттанады деп жоспарлап отырмыз, – деді министрлік өкілі.

Тұрлыжан Әйтенов 2022 жылы Бейжіңде өткен қысқы Олимпиада ойындарымен салыстыра отырып, сол кезеңнен кейін дайындық жүйесіне айтарлықтай өзгерістер енгізілгенін атап өтті.

– Бейжің Олимпиадасында 30-дан аса спортшы қатысқанымен, лицензия саны 7 ғана болды. Өкінішке қарай, жүлдесіз оралдық. Қазір басты мақсат – көп спортшы апару емес, сапаға жұмыс істеу, кем дегенде бір медаль алу. Қай спорт түрі қай елде жақсы дамыса, сол мемлекеттен мамандар шақырылды. Олар жаттығу процесіне күнделікті қатысып жатыр, – деді ол.

Министрлік өкілінің айтуынша, биатлон, шаңғы жарысы, фристайл-могул және фристайл-акробатика спорт түрлері бойынша лицензиялық іріктеу әлі аяқталған жоқ. Әлем кубоктарының соңғы кезеңдері өткеннен кейін халықаралық рейтингтер жарияланып, үздік спортшылар Олимпиада жолдамасына ие болады.

Ұлттық құрамалардың дайындығы маусым бойы Еуропада өтетін әлем кубоктары арқылы жүргізіліп келеді. Олимпиада қарсаңында спортшылар жарыс басталуына шамамен бір апта қалғанда Италияға барып, жергілікті климат пен жағдайға бейімделеді.

– Барлық құрамалар оқу-жаттығу жиындарымен, тестілік жарыстармен толық қамтамасыз етіледі. Әр командамен бірге дәрігер, массажист және психолог жұмыс істейді. Бұл жүйе толық жолға қойылған, – деді Тұрлыжан Әйтенов.

Айта кетейік, мемлекет тарапынан Олимпиада жүлдегерлеріне қомақты қаржылай сыйақы қарастырылған.
Алтын медаль үшін – 250 мың доллар,
күміс жүлде үшін – 150 мың доллар,
қола медаль үшін – 75 мың доллар төленеді.
Сондай-ақ 5-орынға дейін ынталандыру сыйақысы қаралған.

2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары 6–22 ақпан аралығында өтеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button