Алматылық студенттер қазақстандық олимпиадашылармен кездесті

Алматыда қазақстандық олимпиадашылардың қатысуымен мотивациялық кездесу өтті.
Іс-шара ЮНЕСКО бастамасымен, Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитеті және Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанаты – «Ассамблея жастарының» қолдауымен ұйымдастырылды. Кездесу Алматыдағы БҰҰ кеңсесінде өтіп, қаладағы жоғары оқу орындарының студенттерін жинады.
Сессия барысында грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко мен бокстан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай студенттермен пікір алмасты.
Кездесуде спорттың жастарды көшбасшылыққа баулудағы, жауапкершілік пен тәртіпті қалыптастырудағы, сондай-ақ ұлттық бірлікті нығайтудағы маңызы айтылды. Олимпиадашылар өздерінің өмір жолы мен кәсіби тәжірибесіне тоқталып, табандылық пен шыдамдылықтың жетістікке жетудегі рөлін атап өтті.
Назым Қызайбай спортшының басты мақсаты Олимпиадаға жету екенін айтып, жеңіс жолындағы қиындықтар тек мықты мінез бен ерік-жігер арқылы еңсерілетінін жеткізді. Оның айтуынша, әр адам жеңілісті әртүрлі қабылдайды, алайда ең бастысы – соңына дейін берілмей, алға ұмтылу.
Айта кетейік, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті ЮНЕСКО-пен бірлесе отырып, жастарды дамытуға және тұрақты болашақ құндылықтарын насихаттауға бағытталған жобаларды алдағы уақытта да жалғастырмақ.



