
Токио қаласында XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарының жабылу салтанаты өтті. Байрақты бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасы жалпы есебі 25 медаль (8 алтын, 4 күміс, 13 қола) жеңіп, 81 елдің ішінде медальдық есепте 9-орынға тұрақтады. Бұл туралы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі хабарлады.
Жабылу рәсімі Токио метрополитен гимназиясында өтті. Шараға Жапония ханшайымы Како Аксино, Токио мэрі Юрико Коикэ және Халықаралық Сурдлимпиада комитетінің президенті Адам Коса қатысты.
Командалар шеруінде Қазақстанның туын жеңіл атлетикадан XXV Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері Нұрсұлтан Күльдеев пен жүзуден ұлттық құрама мүшесі Мария Сотникова алып шықты.
Адам Коса ойындардың ресми түрде аяқталғанын жариялап, барлық спортшыларға алғысын білдірді.
XXV жазғы Сурдлимпиада 15–26 қараша аралығында Токиода өтті. Бұл – есту қабілеті зақымданған спортшыларға арналған ең беделді халықаралық жарыс. Биылғы додадан 81 елден 3000-ға жуық спортшы 21 спорт түрі бойынша 209 дисциплинада бақ сынады. Қазақстан сапында 78 спортшы 8 спорт түрінен өнер көрсетті.
Ең нәтижелі спорт түрі сурдо дзюдо болды — отандастарымыз 5 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль жеңіп, жалпы есебі 11 жүлдеге қол жеткізді.
Еркін күрестен Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль иеленді. Грек-рим күресінде 1 алтын, 1 күміс және 1 қола жүлде қоржынға түсті.
Жеңіл атлетикада ұлттық құрама 1 алтын және 1 қола алды. Фаина Мейрманова биіктікке секіруде 1,79 метр нәтижемен Сурдлимпиада рекордын жаңартты.
Таеквондо (керуги) спортшыларымыз 3 қола медаль иеленсе, үстел теннисінен ерлер командасы командалық сында қола жүлде алды.



