FEI Бас ассамблеясының қорытындылары: Қазақстан 2026 жылы халықаралық жарыстарды өткізеді

Гонконг қаласында Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) Бас ассамблеясы өз жұмысын аяқтады. Бұл — ат спортының даму бағытын айқындайтын жыл сайынғы жаһандық форум. Биылғы жиынға 132 елдің ішінде 87 ұлттық федерацияның делегациясы қатысты. Қазақстан 1993 жылдан бері FEI мүшесі болып табылады және жыл сайын Ассамблея жұмысына тұрақты қатысып келеді.
1921 жылы құрылған FEI ғасырдан астам уақыт бойы ат спортына арналған халықаралық ережелер мен жарыс жүйесін қалыптастырып келеді. Ассамблея барысында Қазақстан делегациясы конкур мен атпен мәнерлеп жүру ережелеріндегі өзгерістерді, 2026 жылы Аахенде өтетін Әлем чемпионатына іріктеу тәртібін, сондай-ақ спортшылар қауіпсіздігі мен жылқылардың әл-ауқатын талқылауға қатысты. Сондай-ақ цифрлық ветеринариялық паспорт енгізу және басқару жүйесінің ашықтығын арттыру мәселелері көтерілді. 12 жыл бойы ұйымды басқарған Ингмар де Вос президенттік өкілеттігін аяқтап, Халықаралық олимпиадалық комитетке жаңа қызметке ауысады.
6–7 қараша күндері өткен пленарлық отырыста Қазақстан 2026 жылы үш халықаралық жарысты өткізу құқығына ие болды: Әлем кубогының кезеңі, FEI World Cup Challenge финалы және Еуразиялық лига финалы. Бұл шешім қазақстандық спортшыларға өз елінде халықаралық рейтингтік ұпай жинауға, шығындарды азайтуға және тұрақты жарыс тәжірибесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан ат спорты федерациясының президент кеңесшісі Сергей Буйкевич:
«Әлем кубогының кезеңі мен FEI World Cup Challenge финалын өткізу — Қазақстандағы ат спортының жүйелі дамуына жасалған маңызды қадам. Бұл біздің спортшыларға халықаралық рейтингте ілгерілеуге жол ашады. Ең бастысы, жарыстарды жоғары деңгейде ұйымдастырып, осы мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз керек», — деді.
FEI президенті Ингмар де Вос Қазақстанда жарыстар өткізу федерацияның халықаралық турнирлер географиясын кеңейтуге және жаңа елдерді жаһандық спорт күнтізбесіне тартуға бағытталған бастамаларымен үйлесетінін атап өтті.
Сонымен қатар Қазақстан делегациясы жаттықтырушыларды даярлау және спортшыларды оқыту жүйесін жетілдіру жөніндегі жобаларды таныстырды. FEI мен Olympic Solidarity Coaching System бағдарламасы аясындағы пилоттық жобаға қолдау көрсетілді.
Ассамблея жұмысы Longines FEI Awards марапаттау рәсімімен қорытындыланды. Онда жыл үздіктері аталып, спортшылар мен жаттықтырушылардың, ат күтушілер мен ұйымдастырушылардың еңбегі бағаланды.



