Спорт Министрі | Геннадий Головкин World Boxing ұйымының президенті лауазымына ресми үміткер атанды
БАСҚАЛАРЫ

Геннадий Головкин World Boxing ұйымының президенті лауазымына ресми үміткер атанды

Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, World Boxing ұйымы Олимпиадалық комиссиясының төрағасы және Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Халықаралық бокс федерациясы — World Boxing ұйымының президенті қызметіне ресми түрде үміткерлер тізіміне енгізілді.

Ұйымның жаңа басшысын сайлау 23 қараша күні Рим қаласында өтетін World Boxing конгресі аясында өтеді. Конгресс барысында федерацияның Атқарушы комитетінің жаңа мүшелері де сайланады. Қазіргі таңда ұйым құрамына кіретін 125 елдің өкілдері дауыс беруге қатысады.

World Boxing — 2023 жылдың сәуір айында құрылған халықаралық бокс федерациясы. 2024 жылдың қыркүйегінде Геннадий Головкин ұйымның Олимпиадалық комиссиясының төрағасы болып тағайындалды. Оның басты міндеті — боксты Олимпиада бағдарламасында сақтау және World Boxing ұйымының Халықаралық Олимпиадалық комитет тарапынан ресми мойындалуына ықпал ету.

2025 жылдың ақпан айында Халықаралық Олимпиадалық комитет World Boxing ұйымын уақытша мойындады. Бұл шешім федерацияға әлемдік деңгейде боксты басқару құқығын берді. Ал наурыз айында ХОК боксты 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасына ресми түрде енгізді.

Геннадий Головкин — Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 2004 жылғы Афина Олимпиадасының күміс жүлдегері және 2003 жылғы әлем чемпионы. Кәсіби мансабында ол IBF (2015–2018, 2019–2023), IBO (2011–2018, 2019–2023) және WBA (2010–2018, 2022–2023) тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанған. Головкин қатарынан 23 жекпе-жекте қарсыласын нокаутпен жеңіп, орта салмақ тарихындағы ең жоғары нокаут пайызы үшін Гиннестің рекордтар кітабына енген.

Басқа жаңалықтар

Back to top button