
Вьетнамның Хайфон қаласында өтіп жатқан академиялық ескек есуден ересектер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы алғашқы жүлделерін жеңіп алды.
2000 метр қашықтыққа өткен жарыста әйелдер құрамасы — Роза Кеңес, Мария Чернец, Екатерина Носкова және Ирина Чудина күміс медаль еншіледі.
Ал ерлер арасында жеңіл салмақта бақ сынаған Артём Матусевич 2000 метр қашықтықта қола жүлдегер атанды.
Айта кетейік, биылғы Азия чемпионатына құрлықтың 18 елінен 232 спортшы қатысып жатыр. Финалдық сайыстар 19 қазанда жалғасады.
Өткен жылы Өзбекстанның Самарқан қаласында өткен чемпионатта Қазақстан құрамасы екі күміс және жеті қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте жетінші орынға ие болған еді.



