Қазақстан ҰОК-та WADA президенті Витольд Банькамен ресми кездесу өтті

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінде Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) президенті Витольд Банькамен ресми кездесу ұйымдастырылды.
Кездесуге Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин, бас хатшы Әлімжан Ақаев, Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, сондай-ақ Ұлттық допингке қарсы орталықтың директоры Майра Бақашева қатысты.
Іс-шараға ҰОК-тың вице-президенттері мен спорт федерацияларының жетекшілері де қатысты: ауыр атлетика федерациясының президенті Гаджи Гаджиев, бокс федерациясының басшысы Шахмұрат Мүтәліп, таеквондо федерациясының президенті Құдірет Шәмиев, Рио-2016 Олимпиадасының чемпионы және су спорты түрлері федерациясының бас хатшысы Дмитрий Баландин, дзюдо федерациясының бас хатшысы Тимур Болат және шайбалы хоккей федерациясының бас директоры Сәкен Мұсайбеков.
Кездесу барысында тараптар таза спорт мәдениетін дамыту және допингтің алдын алу бағытында халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Әсіресе спортшыларды тыйым салынған заттар бар тағамдық қоспалар мен дәрі-дәрмектердің қауіптілігі туралы ақпараттандыру, терапевтік рұқсат ережелерін түсіндіру және жарыстар кезінде білім беру шараларын күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
– Қазақстан Орталық Азияда таза спортты ілгерілетуде жетекші рөл атқарып отыр. Ел Өңірлік антидопинг ұйымы – RADOCA-ның орталығы және аймақтық ынтымақтастықтың көшбасшысы саналады. Біз спортшыларды қолдау және әділ спорттың болашағын қорғау мақсатында Қазақстан ҰОК-пен әріптестікті одан әрі дамытуға ниеттіміз, – деді WADA президенті Витольд Банька.
Өз кезегінде Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин еліміздің WADA-мен ортақ бағытта жұмыс істеп, таза және әділ спорт қағидаттарын берік ұстанатынын атап өтті.
– Қазақстан ҰОК допингке мүлде жол бермеу саясатын ұстанады. Біз бұл бағытта жүйелі жұмысты жалғастырып келеміз. Бүгін ұлттық федерация өкілдерімен бірге ашық форматта пікір алмасып, адал спортты дамыту жолдарын талқыладық. Әр қатысушының өз пікірін білдіруі мен үлес қосуы өте маңызды, – деді Геннадий Головкин.