
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин грек-рим күресінен әлем чемпионы Айдос Сұлтанғалимен кездесті.
Кездесу барысында ҰОК басшысы спортшыны 2025 жылы Хорватияның Загреб қаласында өткен әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтап, оның жетістігін қазақстандық спорт үшін тарихи сәт деп атады.
Айта кетейік, Айдос Сұлтанғали 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарып, соңғы 26 жылда және XXI ғасырда грек-рим күресінен әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық болды.
– Айдос жоғары шеберлік пен табандылық танытты. Оның жеңісі – көп жылғы еңбектің және мақсатқа жүйелі ұмтылыстың нәтижесі. Бұл жетістік тек грек-рим күресі үшін ғана емес, жалпы қазақ спорты үшін де маңызды. Енді осы қарқынды сақтап, Лос-Анджелес Олимпиадасына тыңғылықты дайындалу қажет. ҰОК өз тарапынан барлық қолдауды көрсетеді, – деді Геннадий Головкин.
Айдос Сұлтанғали бұған дейін 2018 және 2022 жылдары әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған. Сондай-ақ оның еншісінде Азия чемпионатының алтын медалі бар.