Қазақстан ҰОК өкілі ХОК ұйымдастырған Safeguarding Officer in Sport бағдарламасының түлегі атанды

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті Спорт департаментінің бас менеджері Олжас Тоғызбаев Safeguarding Officer in Sport атты халықаралық сертификаттау бағдарламасын сәтті аяқтады.
Ол — осы Халықаралық Олимпиадалық комитет ұйымдастырған бағдарлама бойынша білім алған алғашқы қазақстандық маман болды.
Бағдарлама 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Sportsoracle платформасында онлайн форматта өтті. Оқу барысында Олжас Тоғызбаев Атқарушы кеңес мүшелеріне екі таныстырылым жасап, қорытынды жазбаша емтихан тапсырды.
Сертификаттарды табыстау рәсімі 29 қыркүйекте Швейцарияның Лозанна қаласындағы Олимпиадалық музейде өтті.
Айта кетейік, ХОК бұл оқу курсын 2021 жылы қолға алған. Ол осы салаға бағытталған алғашқы жоба болып саналады. Бағдарлама спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандарға және үйлестірушілерге арналған.
Оқыту жеті бөлімнен тұрады. Бағдарламада спортта құрмет пен сенімге негізделген орта қалыптастыру, спортшылар үшін қауіпсіз орта жасау, сондай-ақ ұлттық және халықаралық спорт ұйымдарында қорғау саясатын әзірлеу және жүзеге асыру мәселелері қамтылған.



