БАСҚАЛАРЫ

Қазақстан ҰОК мен AMMA аралас жекпе-жек саласындағы бірлескен жобаларды талқылады

23 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитетінде Asian Mixed Martial Arts (AMMA) ұйымы мен Mixed Martial Arts ұлттық аралас жекпе-жек федерациясының өкілдерімен ресми кездесу өтті.

Кездесу барысында тараптар құрлықтық деңгейде ұзақ мерзімді әріптестікке дайын екенін атап өтіп, бірлескен жұмыстың негізгі басымдықтарын қарастырды.

AMMA өкілдері Қазақстандағы аралас жекпе-жектің даму қарқынын жоғары бағалап, қазақстандық спортшылардың Азия құрлығындағы алдыңғы қатарлы орнын атап өтті. Айта кетсек, AMMA нұсқасы бойынша өткен жастар арасындағы алғашқы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 6 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды.

Бұл жарыс 2025 жылы Бахрейнде өтетін жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарына іріктеу кезеңі болды. Онда Қазақстан 12 салмақ дәрежесінде бақ сынайды.

2026 жылы Аичи-Нагояда өтетін жазғы Азия ойындарының және Эр-Риядта өтетін Жекпе-жек өнері мен жабық кешендегі Азия ойындарының бағдарламасына аралас жекпе-жек спортын енгізу мәселесіне де ерекше назар аударылды.

Кездесу соңында Қазақстанда AMMA сарапшыларын шақыра отырып, құрлықтық оқу-жаттығу жиындарын өткізу мүмкіндігін қарастыру жөнінде келісім жасалды.

Сондай-ақ 2026 жылғы Азия ойындарының қарсаңында төрешілерге арналған ресми семинарлар сериясын ұйымдастыру жоспарлануда. Бұл бастамалар кадрлық әлеуетті күшейтуге, мамандардың біліктілігін арттыруға және Қазақстан құрамасының басты халықаралық жарыстарға сапалы дайындалуына бағытталмақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button