
Қазақстан футболшылары 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі кезекті ойында Бельгия құрамасынан ойсырай ұтылды. Матч 0:6 есебімен аяқталды.
Кездесу басынан-ақ бельгиялықтар басымдық танытып, ойын тізгінін өз қолына алды. Бірінші тайм соңына қарай Кевин де Брюйне мен Жереми Доку гол соғып, Қазақстан құрамасы үзіліске 0:2 есебімен кетті.
Екінші таймда алаңға Ислам Чесноков пен «Қайраттың» жас шабуылшысы Дастан Сәтпаев шықты. 16 жастағы футболшы 2025 жылы ең нәтижелі жас ойыншылардың бірі ретінде танылғанымен, ойын барысын өзгертуге мүмкіндік болмады.
Белгия сапынан үшінші голды Николас Раскин соқты. Артынша Доку тағы бір голымен көзге түсіп, есепті 4:0-ге жеткізді. Кейін Кевин де Брюйне өзінің дублін ресімдеді. Қорытынды нәтижені Тома Менье түйіндеп, матч 6:0 есебімен аяқталды.