US Open: Заңғар Нұрланұлы әлемнің 1-ракеткасына есе жіберді

Қазақстандық жас теннисші, 17 жастағы Заңғар Нұрланұлы АҚШ-та өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы US Open турнирінің финалына бір қадам жетпей тоқтады.
Жартылай финалда ITF Juniors рейтингінің 54-сатысында тұрған қазақстандық спортшы әлемнің бірінші ракеткасы, 16 жастағы болгар Иван Ивановпен кездесті.
Иванов алғашқы партияда екі брейк жасап, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Екінші сетте ол 3:1 есебімен алға шыққанымен, Заңғар таразы басын теңестірді — 3:3. Алайда шешуші сәтте өз геймін беріп қойып, қарсыласы матчты 6:4 есебімен аяқтады. Ойын 1 сағат 17 минутқа созылды.
Финалда Иван Иванов өз отандасы, 18 жастағы Александр Васильевпен бас жүлдені сарапқа салады.
Финалға шыға алмағанымен, Заңғар Нұрланұлы қазақстандық теннис тарихында алғаш рет жасөспірімдер арасында «Үлкен дулыға» турнирінің жартылай финалына дейін жеткен спортшы атанды.