Спорт Министрі | Қазақстан жас футболшылары «Атлетико Мадридке» қарсы тамаша ойын көрсетті
ТРЕНДТЕФУТБОЛ

Қазақстан жас футболшылары «Атлетико Мадридке» қарсы тамаша ойын көрсетті

Алматыдағы «Хан-Тәңірі» стадионында өткен дәстүрлі All Star Freedom QJ League матчы шетелдік мықты қарсыласпен тартысты ойынға ұласты. Қазақстанның жасөспірімдер арасындағы үздік футболшыларынан құралған QJL All Star командасы мадридтік «Атлетико» академиясының тәрбиеленушілерімен жолықты.

QJ League All Star командасы бұл кездесуге дейін оқу-жаттығу жиынын өткізіп, өзара үйлесімділікті арттырып үлгерді. Бұл ойынның жоғары деңгейде өтуіне Қазақстан футбол федерациясы және жобаның серіктестері атсалысты.

Матч алдында қатысушыларды Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров, Испанияның Қазақстандағы елшісі Франсиско Мартинес Монтес, Freedom QJ League қамқоршылық кеңесінің төрағасы Тимур Турлов, «Атлетико» академиясының жетекшісі Шалқар Нұртілеу және QJ League президенті Рохус Шох құттықтап, жас ойыншыларға сәттілік тіледі.

Кездесудің 9-минутында Гонсало Гросс алғашқы голды соғып, испаниялықтар алға шықты. Алайда екінші таймда қазақстандық команда шабуылдарын күшейтіп, Мақсат Абраев 58-минутта әдемі соққымен есепті теңестірді – 1:1.

Негізгі уақыттағы тең нәтижеден кейін жеңімпаз пенальти сериясы арқылы анықталды. Бұл сында «Атлетико» ойыншылары сәл ғана басымдық танытып, жеңіске жетті.

Ойыннан кейін ҚФФ президенті Марат Омаров жастардың жанкештілігін ерекше атап өтті:

«Жас футболшылар өздерінің ешкімнен кем емес екенін көрсетті. Осындай халықаралық кездесулер оларға мінез, сенім және болашаққа жол ашады. QJ League – еліміз мақтан тұтатын жобаға айналды. Бұл матч тек спорттық тартыс емес, нағыз футбол мерекесі болды».

Басқа жаңалықтар

Back to top button