Спорт Министрі | Қазақстандық теннисшілер “Ролан Гаррос” іріктеу турнирінің финалдық кезеңіне мерзімінен бұрын жолдама алды
ТЕННИСТРЕНДТЕ

Қазақстандық теннисшілер “Ролан Гаррос” іріктеу турнирінің финалдық кезеңіне мерзімінен бұрын жолдама алды

Алматыда теннистен Roland Garros Junior Series by Renault – Qualifications West and Central Asia іріктеу турнирінің финалистері анықталды.

Алғашқы жартылай финалда Еркежан Жанатаева Түрікменстан спортшысы Илима Гусейновамен кездесті. Бірінші сет 6:1 есебімен қазақстандық теннисшінің пайдасына аяқталды. Екінші сетте Гусейнова брейк жасап, 3:0 есебімен алға шықты. Алайда Жанатаева тез арада брейкті қайтарып, есепті теңестіріп, 6:3 есебімен басым түсті.

Екінші жартылай финалда кортқа қос қазақстандық — Алиса Королёва мен Адия Омарбек шықты. Алғашқы сет тай-брейкпен Королёва еншісіне жазылды — 7:6 (7:3). Дегенмен Адия табандылық танытып, келесі екі сетте 6:3, 6:1 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша, турнирдің финалында Еркежан Жанатаева мен Адия Омарбек кездеседі. Ал шешуші матчтың нәтижесіне қарамастан, қос теннисші де Жапонияда өтетін Roland Garros Junior Series by Renault іріктеуінің соңғы кезеңіне қатысуға жолдама алды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button