Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылар Азия жасөспірімдер лагеріне қатысады

10–18 тамыз аралығында Қытайдың Харбин қаласында өтетін Asian Figure Skating Youth Camp – мәнерлеп сырғанаудан Азия жасөспірімдеріне арналған халықаралық оқу-жаттығу лагері аясында Қазақстандық спортшылар да қатысады.
Аталған шараны Азия Олимпиадалық кеңесі (OCA), Халықаралық конькимен жүгірушілер одағы (ISU) және «Азия балалары» халықаралық комитеті (CAIC) бірлесіп ұйымдастырып отыр. Лагерь OCA/OS континенттік бағдарламасы шеңберінде өткізіледі.
Басты мақсат – Азиядағы мәнерлеп сырғанау спортын дамыту, жас спортшылардың кәсіби деңгейін арттыру және елдер арасындағы тәжірибе алмасуды қамтамасыз ету.
Жиынға 2009–2013 жылдары туған спортшылар қатысады. Қазақстан намысын бұл лагерьде Екатерина Доставалова мен Семен Резник қорғайды.
Бұл — жас спортшылар үшін халықаралық деңгейде тәжірибе жинауға және болашақта ірі жарыстарға дайындықты күшейтуге таптырмас мүмкіндік.