Вашингтон турнирі: Бейбіт Жұқаев іріктеу финалына жолдама алды

Қазақстандық теннисші, әлемнің 216-ракеткасы Бейбіт Жұқаев АҚШ астанасы Вашингтонда өтіп жатқан ATP 500 турнирінің іріктеу кезеңінде финалға шықты.
Жартылай финалда Жұқаев әлемдік рейтингте 164-сатыда тұрған америкалық Джеймс Маккейбпен күш сынасты. Бірінші сет тай-брейкпен аяқталып, алаң иесінің пайдасына шешілді – 6:7 (3:7). Алайда қазақстандық теннисші қалған екі сетте ойын тізгінін өз қолына алып, 6:2, 6:2 есебімен жеңісті жұлып алды.
Екі сағаттан астам уақытқа созылған матчта Бейбіт 21 эйс орындап, 7 брейк-пойнттың төртеуін сәтті пайдаланды. Қарсыласы Маккейб 16 эйспен көзге түсті.
Енді Жұқаев финалда италиялық Андреа Вавассори (ATP 324) немесе америкалық Альфредо Переспен (ATP 379) кездеседі. Егер бұл кезеңде де жеңіске жетсе, турнирдің негізгі кезеңіне жолдама алады.