
Қыркүйектің басында Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында бокстан жаңа құрылым – World Boxing ұйымының алғашқы ресми әлем чемпионаты өтеді. Бұл жарыс биылғы жылдың ең маңызды додаларының бірі саналады. Себебі Халықаралық олимпиадалық комитет World Boxing-ті ресми түрде мойындап, келесі Олимпиада ойындарына жауапты ұйым ретінде бекіткен. Осыған байланысты әлемнің барлық үздік боксшылары Ливерпульде бас қосады.
Қазақстан құрамасы да бұл біріншіліктен шет қалмайды. Бас бапкер Қайрат Сәтжановтың айтуынша, ұлттық құрама әлем чемпионатына дейін екі оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Құраманың толық тізімі әзірге жарияланған жоқ. Дегенмен 60 және 65 келі салмақтарында спаррингтік кездесулер арқылы іріктеу өтсе, 70 келіде Төрехан Сабырхан жарысқа баратыны анық. Қалған салмақтарда соңғы Әлем кубогының жеңімпаздарына сенім артылмақ. Ал әйелдер құрамасының құрамы кейінірек белгілі болады.
Еске сала кетсек, ерлер арасындағы соңғы әлем чемпионатында Қазақстан 4 алтын, әйелдер арасында 3 алтын медаль жеңіп алған болатын.
Ливерпульдегі әлем чемпионаты 4 қыркүйекте басталып, 14 қыркүйекте аяқталады.