Милан-Кортина-2026: Қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының медальдары таныстырылды

Милан-Кортина-2026 ұйымдастыру комитеті алдағы қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының жаңа медальдарын ресми түрде ұсынды. Презентация Венеция қаласында өтті.
Жаңа марапаттар екі бөлек жартыдан тұрады. Бұл спортшының мансап жолын және сол жолда жанында болған адамдардың еңбегін бейнелейді. Медальдар қайта өңделген металдан Италияның мемлекеттік теңге сарайы мен баспа институтында (IPZS) дайындалады. Құймалар жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын пештерде өндірілмек, ал қаптамасы пластиксіз, FSC сертификатталған материалдардан жасалады.
Италия мемлекеттік теңге сарайының президенті Паоло Перроне:
«Біз Олимпиада мен Паралимпиадаға арнап жасаған медальдар – италиялық дизайн мен қолөнердің шынайы шеберлігі. Әрбір медаль – инновация мен дәстүрдің үйлесімі», – деді.
Дизайн Милан мен Кортина қалаларының бірлігін, командалық рухты, жеңіске жету жолындағы күш-жігерді айшықтайды. Екі бөліктен тұратын медальдар Олимпиада мен Паралимпиада құндылықтарын біріктіретін символға айналмақ.
Милан-Кортина-2026 қысқы Олимпиада ойындары 2026 жылдың 6-22 ақпаны аралығында өтеді. Барлығы 245 медаль жиынтығы сарапқа салынады.