
Испанияның «Агрупасьон Депортива Сеута» клубы қазақстандық шабуылшы Данил Анкудиновпен келісімшартқа қол қойғанын хабарлады.
21 жастағы Анкудинов өткен маусымды Испанияның бесінші лигасындағы «Менсахеро» сапында өткізген болатын. Енді жаңа маусымда ол Сегундада, яғни Испанияның екінші дивизионында ойнап, командасымен бірге Ла Лигаға жолдама үшін күреседі.
Карағандылық футболшы 2024 жылдың тамызында «Менсахероға» ауысқан еді. Бұған дейін ол Беларусьтің «Днепр-Могилев», Литваның «Джюгас», Арменияның «Ван», Молдованың «Шериф» және Мәскеудің «Родина-2» клубтарында доп тепкен.
Анкудинов Қазақстанның жасөспірімдер және жастар құрамаларының (U17, U19, U21) қатарында да өнер көрсеткен.