
Қазақстандық теннисші Әмір Омарханов жасөспірімдер арасындағы “Уимблдон” турнирінің жартылай финалына жолдама алды.
Жерлесіміз ресейлік Егор Плешивцевпен жұптық разрядта өнер көрсетіп жүр. Ширек финалда олар оңтүстікафрикалық Коннор Доиг пен үндістандық Криш Тьяджи дуэтімен кездесіп, 6:4, 7:6 (10:8) есебімен сенімді жеңіске жетті. Кездесу 1 сағат 24 минутқа созылды.
Жартылай финалда Омарханов/Плешивцев жұбы финляндиялық Оскари Палданиус пен польшалық Алан Важнеге қарсы ойнайды. Аталмыш жұп турнирдің төртінші нөмірлі дуэті болып саналады.
Айта кетейік, Әмір Омарханов осымен Қазақстан теннисі тарихында “Уимблдонның” жасөспірімдер санатында жоғары нәтижеге қол жеткізіп отырған санаулы спортшылардың бірі болып отыр.