
Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңі аясында Алматының «Қайрат» командасы Словенияда жергілікті «Олимпиямен» тең түсті – 1:1.
Люблянадағы «Стожице» стадионында өткен кездесудің алғашқы таймы есепсіз аяқталды. Ал 59-минутта 16 жастағы Дастан Сатпаев Жоржиньоның пасынан кейін есеп ашты. Бұл гол жас шабуылшыны Қазақстан футбол тарихындағы Чемпиондар лигасында гол соққан ең жас ойыншы етті.
Алайда 66-минутта Диогу Пинту таразы басын теңестіріп, алаң иелеріне үміт сыйлады.
Жауапты матч 15 шілдеде Алматыда өтеді. Бұл жұптың жеңімпазы екінші іріктеу кезеңінде КуПС (Финляндия) – «Милсами» (Молдова) жұбының мықтысымен кездеседі.