Астана мен Қарағандының инклюзивті футбол командалары достық матч өткізді

Елорда күніне орай «ҚФФ үйінде» ерекше шара өтті. «Uni Football League» инклюзивті жобасы аясында Астана мен Қарағанды қалаларының балалар футбол командалары арасында жолдастық кездесу ұйымдастырылды.
Матч барысында жас спортшылар бар шеберліктерін көрсетті. Кездесу нәтижесінде Астана командасы жеңіске жетті. Алайда бұл ойында есеп емес, достық пен ынтымақтастық маңызды болды.
Астана мен Қарағанды қалаларында бүгінде аутизм және Даун синдромы бар 23 бала тұрақты түрде футболмен айналысады. Барлық қатысушылар спорттық жабдықпен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, олар UEFA-ның B, C және D санатындағы лицензиялары бар білікті жаттықтырушылардың жетекшілігімен жаттығады.
Аталған турнирді Қазақстан футбол федерациясы «Bolashak Charity» қоғамдық қорымен бірлесе ұйымдастырды. «UNI Football League» жобасына Астана, Шымкент, Атырау, Ақтөбе, Семей, Қарағанды, Петропавл, Тараз және Өскемен қалаларынан 115 бала қатысып отыр.
Айта кетейік, бұл жоба ерекше қажеттілігі бар 10-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерді футбол арқылы ортаға бейімдеуді, олардың физикалық және әлеуметтік дамуына қолдау көрсетуді мақсат етеді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Шымкент қаласында да «Uni Football League» аясында шеберлік сабағы ұйымдастырылған болатын.