
Клубтар арасындағы жаңартылған форматтағы Әлем чемпионаты қызықты кезеңге жетті. Ширек финалдық ойындар нәтижесінде жартылай финалға төрт мықты клуб жолдама алды.
«Реал Мадрид» (Испания) Германиялық «Боруссия Дортмундты» 3:2 есебімен тізе бүктіріп, жарысты жалғастырды. Енді мадридтік ұжым 9 шілде күні жартылай финалда Францияның «Пари Сен-Жермен» клубымен күш сынасады. Айта кетейік, ПСЖ ширек финалда Германияның «Бавариясын» 2:0 есебімен жеңген болатын.
Ал екінші жартылай финалда 8 шілдеде Бразилиялық «Флуминенсе» мен Англияның «Челсиі» кездеседі. «Флуминенсе» Сауд Арабиясының «Аль-Хиляль» командасын, ал «Челси» Бразилияның «Палмейрасын» 2:1 есебімен жарыс жолынан шығарған еді.
Турнирдің жалпы жүлде қоры — 1 миллиард АҚШ доллары. Финалдың жеңімпазы 125 миллион доллар еншілесе, қалған соманы 31 клуб алған орындарына сәйкес бөліседі.
Әлем чемпионатының финалы 12 шілдеде өтеді.