Анна Данилина Уимблдонды сәтті бастады

Қазақстандық теннисші Анна Данилина Уимблдон турниріндегі жұптық сайысты жеңіспен бастап, екінші айналымға жолдама алды. Ол чехиялық әріптесі Мари Боузковамен бірге Польшадан келген Катаржина Питер және мысырлық Маяр Шерифке қарсы кортқа шықты.
Ойын барысында Данилина – Боузкова дуэті сенімді ойын көрсетті. Бірінші сетте есеп 4:3 болған сәтте брейк жасап, кейін өз геймдерін оңай алып, партияны 6:3 есебімен аяқтады.
Екінші сетте де жағдай ұқсас өрбіді. 3:3 кезінде Анна Данилина сәтті соққымен брейкке жол ашып, матчты тағы да 6:3 есебімен түйіндеді.
Бәсеке 1 сағат 13 минутқа созылды. Қазақстан-чехиялық жұп бір эйс жасап, 9 брейк-пойнттың төртеуін тиімді пайдаланды. Ал қарсыластар бір брейкпен ғана шектелді.
Анна Данилина мен Мари Боузкова бұған дейін Истбурндағы WTA 250 турнирінде чемпион атанған болатын. Бұл Уимблдондағы сенімді бастаманың соның жалғасы екенін көрсетеді.
Данилина – Боузкованың келесі қарсыластары жуық арада анықталады.