Ербол Мырзабосынов садақ атудан Азия кубогінде көзге түскен спортшыларды марапаттады

Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов садақ атудан Сингапурде өткен Азия кубогінің екінші кезеңінде жоғары нәтиже көрсеткен ұлттық құраманың спортшыларымен және бас бапкермен кездесті.
Министр спортшылардың халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғағанын атап өтіп, бұл жетістікті отандық садақ ату тарихындағы маңызды кезең деп бағалады.
«Сіздердің жарқын жеңістеріңіздің және мемлекеттің жан-жақты қолдауының нәтижесінде садақ ату спортына қызығушылық артып келеді. Бүгінде елімізде бұл спорт түрімен 7 000-ға жуық адам шұғылданады. Азия кубогіндегі нәтиже – бұрын-соңды болмаған тарихи табыс. Бұл – сіздердің және бапкерлеріңіздің тынымсыз еңбектеріңіздің жемісі», – деді Ербол Мырзабосынов.
Министр құрлықтық жарыста үздік нәтиже көрсеткен Адель Жексенбинова, Виктория Лян, Ділмұхамет Мұса, Бунед Мирзаметов, Андрей Тютюн және Роксана Юнусованы Құрмет грамотасымен марапаттады. Ал бас жаттықтырушы Бауыржан Жолдыбаевқа Алғыс хат табысталды.
15–20 маусым күндері Сингапурде өткен Азия кубогінің екінші кезеңінде Қазақстан құрамасы:
- Ерлер арасындағы командалық сында – алтын,
- Аралас жұптық сында – алтын,
- Әйелдер арасындағы командалық сында – қола жүлде жеңіп алды.