
Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров ел футболындағы келісілген ойындар мәселесіне қатысты пікір білдірді.
— Ермұхамед Мәуленнің қандай да бір мәлімдемелерін естіген жоқпын. Бірақ ешқандай қысым болмағанын нақты айта аламын. Ал келісілген матчтарға келсек, «Sport Radar» деген халықаралық ұйым бар. Сол ұйымның мәліметінше, Қазақстан келісілген матчтар саны бойынша әлемде төртінші орында тұр. Федерация бұл мәселемен белсенді түрде күресіп жатыр, сондықтан Ермұхамедтің сөзінде шындық бар. Қазір КФФ келісілген матчтарға қарсы нақты жұмыс жүргізіп жатыр, — деді федерация басшысы.
Бұған дейін спорт журналисі Ермұхамед Мәулен КФФ өкілі қызметінен кеткен еді. Ол өз мәлімдемелерінде белгілі бір тараптардың қысым көрсеткенін айтқан болатын.



