Анна Данилина төрт турнир қатарынан финалға шықты

Қазақстандық теннисші Анна Данилина жұптық сында тағы бір ірі жетістікке қол жеткізді. Ол Ұлыбританияның Истбурн қаласында өтіп жатқан WTA 250 санатындағы турнирдің финалына жолдама алды, деп хабарлайды SportM.kz.
Данилина бұл жолы чехиялық әріптесі Мари Боузковамен бірге жартылай финалда Ұлыбритания өкілдері Хэрриет Дарт пен Майя Лумсденге қарсы өнер көрсетті. Бірінші партияда британдық жұп 6:2 есебімен жеңіске жетсе, екінші сетте Данилина мен Боузкова 7:5 нәтижесімен таразы басын теңестірді. Шешуші тай-брейкте қазақстандық-чехиялық дуэт 11:9 есебімен басым түсті.
Ойын 1 сағат 34 минутқа созылып, жеңімпаздар бір эйс жасап, 11 мүмкіндіктің үшеуінде брейк жасай алды. Қарсыластары 4 брейкпен жауап қатты.
Бұл Анна Данилинаның қатарынан төртінші финалы. Бұған дейін ол Ролан Гаррос, Лондон WTA 500 және Ноттингем 250 турнирлерінің финалдарына шыққан болатын. Енді ол Истбурн жарысының шешуші кезеңінде тағы бір атақ үшін таласады. Қарсыластары кейінірек анықталады.