Бублик пен Рыбакина Уимблдон-2025 турниріндегі нөмірлері белгілі болды

Уимблдон-2025 турнирінің ұйымдастырушылары жекелей сынға қатысушылардың ресми рейтингтік нөмірлерін жариялады.
Бұл жылы Қазақстан теннисшілері Лондон корттарында айтарлықтай кең құраммен бақ сынайды.
Александр Бублик – Қазақстанның басты үміті – 28-ші нөмірмен турнирге тіркелді. Бұл оған алғашқы үш кезеңде басты фавориттермен кездеспеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Александр Шевченко негізгі сеткада ойнайды. Ал Бейбіт Жұқаевтың турнирге іріктеу арқылы өтуі — ел теннисі үшін тарихи жетістік. Ол — Уимблдонның негізгі кезеңіне іріктеу арқылы жолдама алған алғашқы қазақстандық ер теннисші.
Әйелдер арасында 2022 жылғы чемпион Елена Рыбакина 11-ші нөмірмен тіркелсе, оған Юлия Путинцева серік болады.
Жұптық сында Қазақстан намысын Анна Данилина қорғайды. Ол әйелдер арасындағы жұптық жарысқа қатысады, сонымен қатар микс санатына да тіркелуі мүмкін.
Айта кетейік, биыл Уимблдонның жүлде қоры 53,5 миллион фунт стерлингті құрайды — бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,5 миллионға артық.
Турнир 30 маусым мен 13 шілде аралығында өтеді.