
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева ерлер арасындағы жабық Freestyle Chess Grand Slam Tour супертурниріне қатысу үшін арнайы шақырту алды, деп хабарлайды SportM.kz.
Байрақты дода 16-20 шілде аралығында АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтеді. Бұл туралы шахматшы Facebook желісіндегі парақшасында бөлісті:
«21 жастағы бойжеткенге әлемнің ең мықты шахматшылары – Карлсен, Каруана, Накамура және басқалар қатысатын ерлер арасындағы жабық супертурнирге шақырту алу… Бұл шындыққа жанаспайтын арман сияқты естіледі», – деп жазды Бибісара.
Ол мұндай дәрежедегі турнирге қатысатын тарихтағы үшінші әйел шахматшы болмақ. Бұған дейін мұндай мәртебеге Юдит Полгар мен Хоу Ифань ғана ие болған.