Спорт Министрі | Қазақстан ҰОК Астанада өтіп жатқан «Жазғы мектеп» халықаралық жобасы аясында білім беру бастамаларын таныстырды
БАСҚАЛАРЫ

Қазақстан ҰОК Астанада өтіп жатқан «Жазғы мектеп» халықаралық жобасы аясында білім беру бастамаларын таныстырды

Астанада Халықаралық Олимпиада күнін атап өтуге арналған «Жазғы мектеп» халықаралық білім беру жобасы өз жұмысын жалғастыруда. Бұл жоба дене шынықтыру пәні мұғалімдері мен ғалымдарды біріктіріп, тәжірибе алмасуға, біліктілікті арттыруға және жалпы білім беретін мектептердегі дене тәрбиесі жүйесіне заманауи әдістерді енгізуге бағытталған.

«Жазғы мектептің» ұйымдастырушылары — Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығы және Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті. Жоба спикерлері ретінде Оңтүстік Кореяның спорт ғылымы және саясаты саласындағы жетекші мемлекеттік зерттеу ұйымы – Корей спорттық ғылымдары институтының мамандары шақырылды.

«Жазғы мектеп» аясындағы кезекті іс-шара — Қазақстан ҰОК спорт департаментінің бас менеджері Олжас Тоғызбаевтың дәрісі болды.

Дәріс барысында қатысушыларға Қазақстан ҰОК-ның дене шынықтыру және спорт саласындағы кәсіби қауымдастықты дамытуға бағытталған білім беру бастамалары таныстырылды. Атап айтқанда, Халықаралық Олимпиадалық комитетінің Athlete 365 Career+ бағдарламасы аясындағы спортшылардың мансаптық дамуына арналған семинарлар, шетелде бапкерлерді оқытуға арналған олимпиадалық стипендиялық бағдарламалар, ұлттық құрамалар бапкерлеріне арналған техникалық курстар, сондай-ақ спорттағы гендерлік теңдік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және спорттағы манипуляциялардың алдын алуға бағытталған жобалар жайлы айтылды.

Халықаралық ынтымақтастық мысалдарына ерекше назар аударылды. Соның ішінде — Қазақстан мамандарының Венгриядағы Спорттық ғылымдары университеті мен Халықаралық биатлоншылар одағы академиясы орталығындағы халықаралық бапкерлік курстарға қатысуы, сондай-ақ спортшылар мен спорттық менеджерлерге арналған спорттық менеджмент, олимпиадалық білім және спорт этикасы бағыттары бойынша шетелдегі жоғары білім беру бағдарламалары атап өтілді. Бұл бағдарламалардың барлығы ХОК мойындаған әлемнің жетекші оқу орындарында жүзеге асырылады.

«Біз Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті жүзеге асырып жатқан бағдарламаларды спорт ғылымы мен білім беру саласындағы мамандарға таныстыру мүмкіндігіне ие болғанымызға қуаныштымыз. Мұндай кездесулер кәсіби қауымдастықты нығайтуға және үздік тәжірибелермен алмасуға ықпал етеді», — деп атап өтті Олжас Тоғызбаев.

Басқа жаңалықтар

Back to top button