Спорт Министрі | Ат спорты: Астанада үш күндік жоғары деңгейлі турнир аяқталды
БАСҚАЛАРЫТРЕНДТЕ

Ат спорты: Астанада үш күндік жоғары деңгейлі турнир аяқталды

Астанадағы «Арғымақ» ат спорты кешенінде Еуразия Лигасы Әлем Кубогының кезеңі және атпен мәнерлеп жүруден халықаралық турнир өз мәресіне жетті. Жарыстар FEI – Халықаралық ат спорты федерациясының ресми регламенті аясында өтті.

Жарыстың маңызын арттыра түсетін жайт – Еуразия Лигасы Әлем Кубогының конкур бойынша кезеңі Астанада 10 жылдан кейін алғаш рет өткізіліп отыр. Сонымен қатар, елорда тарихында тұңғыш рет атпен мәнерлеп жүруден халықаралық турнир ұйымдастырылды. Бұл Қазақстанда осы спорт түрінің дамуына тың серпін беретін маңызды қадам болды.

Үш күн бойы көрермендер кәсіби деңгейде ұйымдастырылған жарыстардың куәсі болды. Шабандоздар өз шеберліктерін, ал аттар ептіліктерін көрсетіп, жоғары нәтиже үшін күресті. Турнирде конкур мен атпен мәнерлеп жүру бойынша бірқатар беделді жарыстар ұйымдастырылды.

«Қазақстан үшін ат спорты – жай ғана жарыс түрі емес, бұл – ұлттық мұрамыздың бір бөлігі әрі оны әлемдік аренаға шығарудың маңызды қадамы. Біздің мақсатымыз – Қазақстанның халықаралық сайыстардағы позициясын нығайту, жас таланттардың өсуіне жағдай жасау, жаңа спортшылар буынын тарту және үш сайыс, кедергілерді еңсеру, атпен мәнерлеп жүру және басқа да түрлерін кеңінен насихаттау.

Айта кету керек: мұндай жарыстар инфрақұрылымды дамытуға, спорттық туризмнің өсуіне, жастардың назарын спортқа аударуға, ең бастысы – елімізде мықты, бәсекеге қабілетті ат спорты мектебін қалыптастыруға ықпал етеді», – деді ҚР Ат спорты федерациясының президенті Рустам Баялиев.

Турнирдің жабылу салтанаты сағат 14:00-де өтті. Оған Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Қуантайұлы Мырзабосынов арнайы қатысты. Ол өз сөзінде мұндай халықаралық жарыстардың маңыздылығын атап өтіп, барлық спортшылар мен ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Үш күн қатарынан өтіп жатқан дүбірлі сайыста әр елден келген спортшылардан өзбекстандық Хуршутбек Алимджановты, Бекзот Курбанов, Алина Шевцованы, Алена Деревянконы, Қырғызстандық Камиль Сабитов және Ринат Галимовты,  Екатерина Каркавцеваны, Ресей спортшылары Ксения Хайрулина, Армениялық Виген Констандян, Грузиялық Георгий Тохнадзе, Олег Соколенко, Нурила Тұрысбекованы еңбектерін ерекше атап өткен жөн.

Ұйымдастырушылар жарысқа қатысқан елдердің делегацияларына, төрешілер мен жанкүйерлерге ерекше алғыс айтып, турнирдің сәтті өткенін атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button