
Биыл Астанада ұйымдастырылатын бокстан әлем кубогына қатысатын елдер саны 33-ке жетті, деп хабарлайды SportM.kz.
Жарысқа әлемнің таңдаулы былғары қолғап шеберлері қатысады деп күтілуде. Қазақстан бұл додаға негізгі құраммен қатыспақ. Турнир Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді.
World Boxing турнирі үш кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңі сәуір айында Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында өтіп, қазақстандықтар үш алтын, үш қола медаль иеленді:
- Алтын: Дәулет Төлемісов (85 кг), Нұрсұлтан Алтынбек (55 кг), Жазира Орақбаева (51 кг)
- Қола: Ұлжан Сәрсенбек (57 кг), Диас Молжігітов (75 кг), Даниял Сапарбай (90+ кг)
Үшінші кезең 21–27 шілде аралығында өтеді. Әзірге ол қай елде өтетіні белгісіз.
Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов бұл жарысқа бірінші нөмірлі спортшылар қатысатынын мәлімдеді. Олардың қатарында:
- Санжар Тәшкенбай (50 кг)
- Махмұд Сабырхан (55 кг)
- Серік Теміржанов (60 кг)
- Ертуған Зейнуллинов (65 кг)
- Абылайхан Жүсіпов (70 кг)
- Сабыржан Аққалықов (75 кг)
- Нұрбек Оралбай (80 кг)
- Бекзад Нұрдәулетов (85 кг)
- Сағындық Тоғамбай (90 кг)
- Айбек Оралбай (90+ кг)
Дайындық үш кезеңде өтуде:
- 1-кезең: 1–18 мамыр, Түркістан облысы
- 2-кезең: 26 мамыр–9 маусым, Ақмола облысы, Щучинск
- 3-кезең: 17–29 маусым – халықаралық біріккен оқу-жаттығу жиыны, оған АҚШ, Канада, Ирландия, Бразилия, Аустралия құрамалары қатысады.