
Қазақстанның үздік теннисшісі Елена Рыбакина Францияның Страсбург қаласында өткен WTA 500 санатындағы турнирде жеңіске жетіп, 2025 жылғы алғашқы титулын иеленді, деп хабарлайды SportM.kz.
Турнирге 4-нөмірлі теннисші ретінде тіркелген Рыбакина финалда әлемнің 19-ракеткасы, ресейлік Людмила Самсоновамен үш сетке созылған тартысты матч өткізді.
Бірінші сетте Елена есеп 2:1 болғанда брейк жасап, қарсыласын мүлде ойынға жібермей, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Екінші сетте Самсонова есепті теңестіріп, тай-брейкте басым түсті – 7:6 (7:2).
Шешуші үшінші сетте Рыбакина екі рет брейк жасап, матчты 6:1 есебімен аяқтады. Финал 2 сағат 33 минутқа созылды.
Статистика бойынша:
-
Рыбакина – 14 эйс, 6 брейк (10 мүмкіндіктен)
-
Самсонова – 1 эйс, 2 брейк (8 мүмкіндіктен)
Бұл жеңіспен қазақстандық теннисші 500 рейтинг ұпайы мен 142 610 еуро сыйақы иеленді.