Спорт Министрі | Астанада Халықаралық Олимпиада күніне орай дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне арналған дәріс өтті
БАСҚАЛАРЫ

Астанада Халықаралық Олимпиада күніне орай дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне арналған дәріс өтті

Халықаралық Олимпиада күнін мерекелеу аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитеті ҚР Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, Астана қаласының дене шынықтыру және спорт пәні мұғалімдеріне арналған арнайы дәріс ұйымдастырды.

Аталған іс-шараның серіктесі ретінде Ұлттық дене шынықтыру ғылыми-практикалық орталығы қолдау көрсетті.

Іс-шара барысында қатысушыларға олимпиадалық қозғалыстың тарихы, қазіргі құрылымы және ҚР ҰОК-нің негізгі қызметтік бағыттары жөнінде толық ақпарат берілді.

Сондай-ақ дәріс тақырыптарының қатарына ҰОК-нің білім беру бастамалары – семинарлар, біліктілікті арттыру дәрістері мен дене шынықтыру саласындағы мамандарға арналған ағартушылық бағдарламалар кірді.

«Өскелең ұрпаққа олимпиадалық құндылықтарды сіңіру — біздің басты бағыттарымыздың бірі. Бұл үдерісте мұғалімдердің рөлі ерекше.

Дәл осы ұстаздар балалардың спортқа, әділ ойынға, құрмет пен өзін-өзі жетілдіруге деген көзқарасын қалыптастырады», – деді ҚР ҰОК Спорт департаментінің директоры Бектұр Қиятбай.

Айта кетейік, бұл дәріс бұған дейін Астана мен Алматы қалаларындағы мектеп оқушыларына танымал қазақстандық спортшылардың қатысуымен өткен Олимпиадалық сабақтың жалғасы болды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button