Астанада қазақстандық спортшылардың қатысуымен олимпиадалық сабақтар өтті

Іс-шара Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығының бірлескен жобасы аясында өтті.
Басты мақсат – спортшылармен тікелей жүздесу арқылы оқушыларды дене шынықтырумен және спортпен айналысуға ынталандыру және Олимпиада ойындарының тарихы мен олимпиадалық құндылықтардың қазіргі қоғам үшін маңыздылығын түсіндіру.
2018 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы, ҚР ҰОК Спортшылар комиссиясының мүшесі, танымал мәнерлеп сырғанаушы Айза Мамбекова № 59 мектеп-лицейінде ашық сабақ өткізді.
«Осы шараға қатысып, мектеп оқушыларына сабақ өткізу мүмкіндігін бергені үшін Қазақстан ҰОК-не алғыс білдіремін. Олимпиадалық қозғалыстың әлемде және Қазақстанда қалай дамығаны туралы дәрісті балалар зор қызығушылықпен тыңдады. Бұл – жас ұрпақтың тәрбиесінде маңызды рөл атқаратын білім. Балалар өте белсенді болды, көптеген қызықты сұрақтар қойды. Мен әрқайсысына қуана жауап бердім. Оқушылардың біздің даңқты спортшыларымызды, мәнерлеп сырғанаушыларымызды және олардың әлем ареналарындағы тарихи жетістіктерін білетінін есту – үлкен қуаныш. Осындай шаралар арқылы еліміздегі спортқа деген қызығушылық артады. Болашақта мұндай кездесулер жиі өтеді деп сенемін», – деді Мамбекова.
Александра Немич те өз білімімен бөлісті. Спортшы әртістік жүзуден Олимпиада ойындарына екі рет қатысқан. Ол № 5 мектепте сабақ өткізіп, спорттың өзіне үйреткен құндылықтары туралы айтып, табысқа жету жолында тәртіптің, мақсаткерліктің және командалық қолдаудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ, мектеп оқушыларымен байдарка мен каное есуден Азия ойындарының жеңімпазы Илья Голендов кездесті.
Олимпиадалық сабақтың бір бөлігі ретінде елордалық оқушылар қатысқан таңертеңгілік жаттығу өткізілді.
Айта кетейік, олимпиадалық сабақтар Халықаралық Олимпиада күніне және Балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылды. Бұған дейін мұндай сабақтар Алматыда өтіп, онда спикерлер ретінде жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин мен фристайл-акробатикадан Азия ойындарының қола жүлдегері Аяна Жолдас сөз сөйлеген болатын.