
Шымкент қаласында 16 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан Дэвис кубогының Азия — Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасы жарысты жеңіспен бастады.
D тобында өнер көрсетіп жатқан Сергей Квак жаттықтыратын жасөспірімдер командасы алғашқы матчта Жаңа Зеландия құрамасын 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Алғашқы кездесуде Михаил Мищенко Бленд Лукумен болған үш сетке созылған тартысты матчта 6:3, 5:7, 6:4 есебімен басым түсті.
Кейін Мансұр Сайынов Юн Лиаманы 6:1, 6:0 есебімен тас-талқан етті. Жұптық сында Мансұр Аңсар Ниетқалиевпен тізе қосып, Аливина – Лиама жұбын 6:3, 6:2 есебімен ұтты.
Бұл нәтижеден кейін Қазақстан құрамасы D тобында көш бастап тұр. Қытай екінші орында. Ертең жас қазақстандық теннисшілер Иран құрамасымен кездеседі. Иран бүгін Қытайға 0:3 есебімен жол берді.