
30 маусым мен 6 шілде аралығында Астана қаласы бокстан Әлем кубогының кезекті кезеңін қабылдайды. Жарыс Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді, деп хабарлайды SportM.kz
Дүбірлі додаға әлемнің мықты былғары қолғап шеберлері қатысады деп жоспарланып отыр. Қазақстан құрамасы сайысқа бірінші нөмірлі құраммен қатысады.
Бұл турнир World Boxing ұйымының үш кезеңнен тұратын жарыс сериясына кіреді. Оның алғашқысы сәуірде Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында өтті. Сол кезеңде Дәулет Төлемісов (85 келі), Нұрсұлтан Алтынбек (55 келі), Жазира Орақбаева (51 келі) чемпион атанса, Ұлжан Сәрсенбек (57 келі), Диас Молжігітов (75 келі) және Даниял Сапарбай (90+ келі) қола жүлдеге ие болды.
Үшінші кезең 21-27 шілде аралығында өтеді. Әзірге оның нақты қай елде өтетіні белгісіз.