Спорт министрі мәнерлеп сырғанаушылардың дайындығымен танысты

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Астана қаласындағы «Алау» мұзайдыны сарайына барып, мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құраманың көшбасшысы, биылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Михаил Шайдоровтың жаттығу процесімен танысты, деп хабарлайды sportm.kz.
Қазіргі уақытта Шайдоров пен еліміздің басқа да үздік спортшылары 2026 жылы Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындары мен алдағы халықаралық жарыстарға арнайы жеке бағдарламалар бойынша дайындалып жатыр.
Министр спортшымен жеке кездесіп, оның физикалық дайындығы, спорттық формасы және психологиялық жағдайы туралы сұрап білді. Сонымен қатар жаттықтырушылар құрамымен де пікір алмасып, алда тұрған маңызды бәсекелерге дайындық барысын жан-жақты талқылады.
«Алау» мұзайдыны ұлттық құраманың базалық жаттығу орны саналады. Мұнда спортшыларға жоғары деңгейлі дайындық жасау үшін барлық жағдай қарастырылған.