
Жапонияның Хираката және Киото қалаларында 11–18 мамыр аралығында волейболдан ерлер арасындағы Азия чемпиондар лигасы басталды. Қазақстан бұл дүбірлі додада алғаш рет «Ақтөбе» клубы арқылы бақ сынайды, деп хабарлайды Sportm.kz.
Бұған дейін Азия клубтық чемпионаты деп аталып келген турнирге ақтөбеліктер алғаш қатысып отыр. Бұл – ел волейболының жаңа белесі.
Сергей Трикоз жаттықтыратын команда өткен маусымда Қазақстан кубогы мен суперкубокты жеңіп, ел біріншілігінің күміс жүлдегері атанған еді.
«Ақтөбе» А тобында сынға түседі. Ертең команда алғашқы кездесуін Аустралияның «Queensland Pirates» клубына қарсы өткізеді. Ал 13 мамыр күні 2023 жылғы Азия чемпиондары – жапониялық «Suntory Sunbirds Osaka» ұжымымен кездеседі.
Команданың басты мақсаты – халықаралық аренада тәжірибе жинақтап қана қоймай, топтан шығу жолында бар күшін салу.