
Бешикташ клубының қазақстандық футболшысы Бахтиер Зайнутдиновтің жарақаты ауыр болып шықты. Түркиялық медиа өкілдерінің хабарлауынша, ойыншыға тіпті жүгіруге де рұқсат жоқ.
Ол соңғы рет 2025 жылдың 26 қаңтарында «Антальяспормен» өткен матчта жасыл алаңға шыққан болатын. Сол кездесуден кейін сіңір жарақатына байланысты қатардан шығып қалды. Содан бері Зайнутдинов Бешикташ құрамында бірде-бір ойын өткізген жоқ.
Қате жасалған операция күдігі
Футболшының Қазақстанда жасатқан операциясынан кейінгі асқынулар клуб ішінде кең ауқымды тексеріс жүргізуге себеп болды. Ақпарат көздері Зайнутдинов жаттығу кезінде сіңір тұсында ісіну пайда болатынын, сондықтан жаттығуларға қатыса алмай отырғанын жазады.
Операцияның дұрыс жасалмағаны жөніндегі күдіктерге байланысты, Бешикташтың медициналық штабы жаңа емдеу жоспарын әзірлеуге кіріскен. Ал клубтың бапкерлер штабы ойыншының болашағына қатысты шешім қабылдамас бұрын толық медициналық қорытындыны күтуде.
Карьерасы аяқталуы мүмкін бе?
Клуб қазіргі уақытта альтернативті емдеу тәсілдерін қарастырып жатыр. Зайнутдиновтің жасыл алаңға қайта оралу мерзімі алдағы күндері өтетін толыққанды медициналық тексеруден кейін белгілі болады.
Егер операция шынымен қате жасалғаны расталса, бұл жарақат оның кәсіби мансабының ерте аяқталуына себеп болуы мүмкін. Қазір Бешикташтың медициналық және жаттықтырушылар құрамы жағдайды жіті бақылап отыр.