
Италияның атақты «Интер» футбол клубы UEFA Чемпиондар лигасының финалына жолдама алды. Жартылай финалда олар Испанияның «Барселона» командасынан 4:3 есебімен басым түсті, деп хабарлайды Sportm.kz.
Кездесу өте тартысты өтті. Алғашқы минуттардан-ақ қос команда шабуылды үдетіп, бір-бірінің қақпасын жиі торуылдады. Алайда бірінші таймда сәттілік италиялық клубқа серік болды.
21-минутта «Интер» сапынан аргентиналық шабуылшы Лаутаро Мартинес есеп ашса, 45-минутта Хакан Чалханоглу пенальтиден мүлт кеткен жоқ — 2:0.
Екінші таймда «Барселона» қарқынын күшейтіп, Эрик Гарсия (56-минут) мен Дани Ольмо (60-минут) гол соғып, есепті теңестірді. Ал 88-минутта Рафиньяның соққысы испаниялық клубты алға шығарды — 3:2. Алайда 93-минутта Франческо Ачерби таразы басын қайта теңестірді — 3:3.
Ойын қосымша уақытқа жалғасып, 99-минутта Давиде Фраттези шешуші голдың авторы атанды. Осылайша «Интер» Чемпиондар лигасының финалына жолдама алып, тарихи жеңісіне қол жеткізді.