Елена Рыбакина WTA рейтингінде бір саты төмендеді

Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жаңартылған рейтингті жариялады. Қазақстанның үздік теннисшісі Елена Рыбакина бір саты төмен сырғып, 12-орынға жайғасты, деп хабарлайды Sportm.kz.
Мадридте өткен WTA 1000 турнирінде Рыбакина үшінші айналымнан аса алмай жарыс жолынан шығып қалды. Бұл нәтиже рейтингтегі орнын өзгертуге себеп болды. Жарыс жеңімпазы Арина Соболенко көш басында қалса, поляк Ига Швёнтек екінші, ал финалға дейін жеткен америкалық Кори Гауфф үшінші орынға көтерілді.
Тағы бір қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Мадрид додасының екінші айналымынан әрі аса алмады. Соның салдарынан ол 24-орыннан 29-орынға түсіп қалды.
Жұптық сында Анна Данилина 17-орнын сақтап қалды. Ал Висбаденде (Германия) өткен ITF W100 турнирінде чемпион атанғанына қарамастан, Жібек Құламбаева 106-орыннан 127-орынға құлдырады. Юлия Путинцева да жұптық рейтингте бір саты төмендеп, 77-орынға жайғасты.