Дастан Сәтпаев дубль жасап, «Қайратқа» кезекті жеңіс сыйлады

Қазақстан Премьер-лигасының жетінші турында «Қайрат» сырт алаңда «Ұлытау» клубымен кездесіп, ірі есеппен жеңіске жетті — 4:1, деп хабарлайды Sportm.kz.
Кездесу Жезқазғанда өтті. Жанкүйерлер жергілікті команданың аутсайдер мәртебесінде турнир кестесінің көшін бастап тұрған «Қайратқа» қандай қарсылық көрсететініне үміттене қараған. Алайда алматылықтар ойынды белсенді бастап, алғашқы минуттардан-ақ басымдықты өз қолына алды.
30-минутта небәрі 16 жастағы шабуылшы Дастан Сәтпаев есеп ашты. Бұл — оның биылғы маусымдағы бесінші голы. Екінші таймның басында Александр Мартынович есепті еселей түсті, ал 62-минутта Георги Зариа пенальтиден мүлт кетпеді.
68-минутта Сәтпаев дубль авторы атанып, маусымдағы гол санын 6-ға жеткізді. Ол бұл көрсеткіш бойынша «Астана» ойыншысы Марин Томасовпен теңесті. «Ұлытау» сапынан Максим Чалкин 79-минутта бір голмен жауап қайырғанымен, ойын тағдыры шешіліп қойған еді.
Осылайша, «Қайрат» жеті тур қорытындысы бойынша 17 ұпай жинап, турнир кестесінде жеке-дара көш бастап келеді.