
Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында конкурдан Еуразиялық Лигадағы Әлем Кубогінің кезеңі өтті. Еліміздің намысын қорғаған 6 спортшының екеуі жүлделі орындарға ие болды.
Атап айтқанда, Ксения Баталова Lady Di тұлпарымен жарыстың басты Гран-при маршрутында (160 см биіктіктегі 6-шы маршрут) екінші орын алып, күміс жүлдегер атанды. Ал Нұрила Тұрысбекова Nagano B атты тұлпармен (130 см биіктіктегі 5-ші маршрутта) қола медальға ие болды. Жарысқа Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің 43 мықты шабандоздары қатысты. Бұл Еуразиялық лиганың күнтізбесіне енгізілген және Халықаралық маусымның маңызды кезеңі болып табылады. Қазақстандық спортшылардың бұл жарыстардағы нәтижесі халықаралық аренада бәсекеге қабілетті екендігін тағы да дәлелдейді.