Отандық боксшыларға қандай қолдау жасалады?

Жалпы алғанда, отандық бокшыларға қолдау өте жақсы. Халықаралық бокс федерациясының және Қазақстан бокс федерациясының сыйақыларынан бөлек, заң бойынша мемлекет тарапынан әлем чемпионы атанған әр боксшыға 15 мың АҚШ долларынан табысталады.
Сонымен қатар, оларға әр өңірдің арнайы бекітілген ай сайынғы төлемі бар. Тағы бір айта кетерлігі, министрлік тарапынан да ұлттық құрама өкілдеріне ай сайын жалақы беріледі. Ал, еңбек өтілі 20 жылға толған соң өмір бойы 100 АЕК көлемінде үстемақы алады. Басқа елдермен салыстырғанда бізде ең жоғары сыйақы беріледі деуге болады. Бұл жөнінде олимпиада чемпиондары арнайы мәлемдеме жасап, өскелең толқынды спортпен шұғылдануға шақырды.
«Қазақстанда Әлем чемпионы атағы үшін мемлекет тарапынан берілетін 15 мың доллардан бөлек, әр өңірдің арнайы бекітілген ай сайынғы төлемі бар. 400 мың теңгеден 2,2 миллион теңгеге дейін. Оған қоса, министрлік тарапынан ұлттық құрама өкілдеріне жалақы беріледі. 500 мың мен 1,5 миллион теңге аралығында. Жаттығу мен жарысқа қажетті керек-жарақ та мемлекет тарапынан қаржыландырылады» — дейді Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев.
Осы тақырыпқа қатысты тағы бір Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің де пікір сұрап білдік. Оның айтуынша, біздің боксшыларға берілетін сыйақы жоғары әрі жеткілікті деңгейде. Тіпті, мемлекеттік төлем жағынан әлемдегі үздіктердің біріміз.
«Әлем чемпионы атанған боксшыларға 15 мың доллар беріледі. Ал, олимпиада чемпионы атанса, 250 мың доллар қарастырылған. Бұл әлемдегі ең жоғары төлемдердің бірі. Мәселен, АҚШ-та оның көлемі — 37,5 мың, Канадада — 16 мың доллар. Ұлыбритания мүлде бермейді. Бұдан бөлек, елімізде спорттық мектеп-интернаттағы әр балаға жыл сайын 4,2 млн тг бөлінеді. Ал, ұлттық құрамадағы ересек боксшыларға 1,5 млрд тг жұмсалады» — дейді Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев.