Әлем чемпиондарына 50 миллион теңгеден беріледі

Әлем чемпионатында топ жарқан қазақ қыздарына Қазақстан бокс федерациясы 50 миллион теңге көлемінде сыйақы тағайындады.
Айта кетейік, биылғы дүниежүзілік додада Сербияның Ниш қаласында өткен болатын. Оның қорытындысы бойынша 6 бірдей спортшымыз жеңіс тұғырына көтерілді. Оның үшеуі алтын, екеуі күміс және біреуі қола жеңіп алды. Осының арқасында Қазақстан құрамасы алғаш рет жалпыкомандалық есептің екінші сатысына көтерілді. Ал, Назым Қызайбай отандық спорт тарихында бірінші рет үш дүркін әлем чемпионы атанды.
Ұйымдастырушы тарап, яғни, Халықаралық бокс федерациясы (IBA) жүлдегерлерге, яғни, алтын жүлдегерге 100 мың (50 миллион теңге), күміс жүлдегерге 50 мың, ал, қола жүлдегерге 25 мың АҚШ долларынан табыстаған болатын. Енді Қазақстан бокс федерациясы да дәл осындай көлемде сыйақы тағайындап отыр. Яғни, алтын жүлдеге 100 мың, күміспен қолаға, сәйкесінше, 50 және 25 мың доллардан береді. «Бұдан бөлек, бапкерлер мен дәрігерлердің де еңбегі ескеріліп, оларға арнайы сыйақы қарастырылған» — делінген Қазақстан бокс федерациясы таратқан хабарламада.