Спорт Министрі | Бокс бойынша ЦОП-ты қайтару қажет
МӘСЕЛЕТРЕНДТЕ

Бокс бойынша ЦОП-ты қайтару қажет

ЦОП деп олимпиадалық даярлау орталығын айтып тұрмын. Яғни, бокс бойынша бөлек олимпиалық даярлау ортылығы керек. Бізде ондай болған. 2007 жылы арнайы ашылып, нәтижелі жұмыс жасап жатқан еді. 2021 жылы, неге екені белгісіз, басқа ЦОП-пен біріктірді. Салдарынан бір ғана боксты емес, 16 бірдей спортты дамытатын ұйымға айналып шыға келді.

Бастама сол кезде спортты басқарғандарға күшті болып көрінген шығар. Ал, жеме-жемге келгенде минусы көп. Минус болғанда, бокс бойынша резервтің дайындығына кері әсер етіп жатыр. Нақтырақ айтқанда, 2020 жылдары бокс бөліміне қарастылатын қаржы 300 млн теңгеден асатын. Қазір 90 млн теңгеге дейін қысқартылды. 2020 жылдары 160-қа жуық спортшы тіркеліп тұрған. Қазір 90-ға дейін азайды. 2020 жылдары боксшы балалар 10 халықаралық жарысқа қатысатын. Қазір ары кетсе 6-ауына барады. Ал, жаттығу жиындары 19-дан 12-ге дейін төмендеді. Осылай кете береді.

Бұның барлығы айналып келгенде алдағы әлем чемпионаттары мен олимпиада ойындарының нәтижесіне тікелей әсер етеді. Яғни, болашақ чемпиондардың жолын тарылтып, мүмкіндігін шектеп жатырмыз. Негізі нақты результат беретін бағытты айқындап, соған күш салған абзал. Бізде, ашығын айту керек, ондай бағыт біреу. Ол – бокс. Иә, кейінгі көрсеткіштер көңілді көншітпейді. Бірақ, Азия чемпионатынан 10 алтын, Әлем чемпионатынан 6 алтын әкелетіні әзірге осы ғана. 40 жылдан кейін дзюдомызда, 30 жылдан кейін күресімізде тарихи нәтижелер тіркеліп жатыр. Ұзақ паузадан кейін ауыр атлетика да жандана бастады. Бірақ, бәрібір бокспен салыстыруға келмейді.

Жоқ, бір ғана бағытты дамытуға болмайды, бәрін араластыру керек десеңіз, онда осындай каша жалғаса береді. Ал, енді нақты қолда барды қадірлеп, соны жүйелі дамытамыз десек, бокс бойынша ЦОП-ты қайтару қажет. Бұндай ЦОП көрші Ресей елінде жұмыс істеп тұр. Өзбекстан мен Куба да бокстағы резерв дайындау үшін арнайы орталықтарды іске қосты. Ал, біз керісінше, басқа бағыттармен араластырып, қаржыны да, назарды да азайтып жатырмыз. Кейінгі кезде отандық спортта үлкен өзгерістер болып жатыр. Соның жалғасы ретінде осы мәселе де ескеріліп, боксты таңдаған жасөспірімдер мен жастарға жол ашылады деген үміттемін. Лос-Анджелестен кейін де олимпиада барын ұмытпайық…

Спорт Министрі | Бокс бойынша ЦОП-ты қайтару қажет

Жоғарыдағы ойымның жалғасы….

Бокс бойынша бөлек ЦОП (олимпиадалық даярлау орталығы) болу керек деген тақырыпты көтергем. Көпшілік қолдап жатыр. Кейбіреулер қарсы шығып жатыр. Әрине, әркім өз ойын алға тарта алады. Қалай болғанда да, резервтің дайындығына бей-жай қарауға болмайды. Кейін өкінеміз. Бұрын істемегеніміз үшін қазір өкініп жүрміз. Енді бүгін істемесек, ертең тағы өкінеміз.

2025 жылы Бахрейнде жастар арасындағы Азия ойындары өтеді. Бұл жерде жеңіске жеткендер 2026 жылы Дакарда болатын Жастар олимпиадасына жолдама алады. Одан кейін осы өрендер ересектер қатарына ауысып, Әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайды. Бірақ, оған ешкім бас қатырып жатқан жоқ. Бәріне бүгінгі жеңіс қана керек. Жылдам жеңіс. Жылтыр жеңіс.

Бокста, білесіздер, легионер деген атымен жоқ. Бәрі – қаракөздер. Басқа жағынан, байдың балалары айналыспайды. Яғни, барлығы, спорттық тілмен айтқанда, аш балалар. Енді осылардан ақшаны үнемдесек, біткен жеріміз ғой. Онсыз да тиісті ақшасын 16 спорт түріне бөліп тастадық. Салдарынан жаттығу жиыны азайды. Жарыстары қысқарды. Бірақ,нәтиже алғымыз келеді. Әлемдік аламандарда топ жармаса, жерден алып, жерге саламыз.

Мәселе ақшада да емес. ЦОП-тың басшысы қай спорттың өкілі болса, сол спортқа көбірек көңіл бөлінеді. Бізде сондай ауру бар. Ал, қазір аталмыш ұйымды бокс саласының маманы басқармайды. Ал, ол именно боксшылардың дамып-жетілуіне және жоғары нәтиже көрсетуіне қаншалықты мүдделі? Егер мүдделі болса, неге жаттығу жиындары мен жарыстар кестесі қатты қысқарады? Сұрақ көп.

Спортқа жауаптылар бұл ұсыныс төңірегінде сәл де болса ойланар. Көргенімді жеткіздім. Білгенімді алға тарттым. Егер бәрі осы қалпында қала берсін десе, өз еріктері. Мен де бірер жылдан кейін дәл осы постты қайтадан шығарамын. Тағы да ұсыныс тастаймын. Ең бастысы ол кезде тым кеш болып кетпесе екен…

Автор: Аслан ҚАЖЕНОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button