
Алматыда өтіп жатқан әйелдер арасындағы гандболдан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы екінші жеңісіне қол жеткізді.
Топтық кезеңнің екінші кездесуінде қазақстандық гандболшылар Үндістан құрамасымен ойнады. Кездесу 33:27 есебімен Қазақстанның пайдасына аяқталды.
Бұған дейін ұлттық құрама құрлық біріншілігіндегі алғашқы матчында Аустралия командасын 37:18 есебімен жеңген болатын.
Осылайша, Қазақстан құрамасы В тобындағы алғашқы екі кездесуінде де жеңіске жетті. Енді отандастарымыз Өзбекстан құрамасына қарсы ойнайды.
Алматыдағы Азия чемпионаты 3 желтоқсанға дейін жалғасады. Турнир қорытындысы бойынша үздік төрт құрама 2027 жылы Венгрияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алады.



